Жас мамандарға кәсіби бағдар берілді

Жас мамандарға кәсіби бағдар берілді

 

Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Айбек Кадралиевтің төрағалығымен жаңадан тағайындалған мемлекеттік қызметшілермен кездесу өтті.

Кездесу барысында Әдеп жөніндегі уәкіл “ҚР Мемлекеттік қызмет туралы” Заң, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заң және Әдеп кодексі мен Еңбек кодексінің талаптарына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақытта да қарапайымдылық танытып, этикалық мінез-құлық нормаларын қатаң сақтауының маңыздылығы атап өтілді. Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге, негізгі қызметпен қатар кәсіпкерлік немесе өзге де ақылы қызмет түрлерімен айналысуға жол берілмейтіні айтылды.

Кездесу барысында Айбек Сарсенбайұлы:

– Мемлекеттік қызмет – елге қалтқысыз қызмет ету. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу – зор жауапкершілік. Әрдайым адалдықты ту етіп, кәсібилікті серік етіп, адал қызмет етуге шақырамын. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласына жастардың қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Жаңадан тағайындалған мемлекеттік қызметкерлер Дильназ Мырзагерей, Қорлан Еңсеп жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтап, мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалды. Бұл – білімді жастарға көрсетіліп отырған нақты қолдаудың айғағы. Алдағы еңбек жолдарыңызға табыс тілеймін, абыройлы қызмет атқарыңыздар, – деді.

Сондай-ақ, Атырау қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Марта Нұрғалиева ерте кәсіптік бағдарлау іс-шаралары аясында жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын айтып, жаңадан тағайындалған мемлекеттік қызметкерлердің алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Жиын соңында Әдеп кодексінде көзделген талаптарды сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің негізгі міндеті екені, ал бұл талаптардың орындалуы мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.