Мемлекеттік қызметтегі талаптар мен шектеулер түсіндірілді

Мемлекеттік қызметтегі талаптар мен шектеулер түсіндірілді

Атырау қаласында мемлекеттік қызметшілерге заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтау тәртібін түсіндіру жиыны өтті. Іс-шара қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиевтің төрағалығымен Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында ұйымдастырылды.

Басқосуға қала әкімі аппаратының бөлім басшылары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Жиын барысында мемлекеттік қызметке алғаш рет тағайындалғандар мен қайтадан қызметке кірген азаматтарға қатысты талаптар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер және қызметтік әдеп нормаларының сақталуы басты назарға алынды.

Мемлекеттік қызметшілерге негізгі қызметпен қатар кәсіпкерлік немесе өзге де ақылы қызмет түрлерімен айналысуға жол берілмейтіні, тек ғылыми және шығармашылық қызметке ғана рұқсат етілетіні айтылды. Сондай-ақ тікелей бағынатын немесе бақылауындағы тұлғалардың істері бойынша өкіл болуға, қызметтік мүмкіндіктерді жеке мақсатта пайдалануға және мемлекеттік ресурстарды заңсыз қолдануға қатаң тыйым салынатыны түсіндірілді.

Бұдан бөлек, қызметтік ақпаратты жеке мүддеге пайдалану, мемлекеттік орган жұмысына кедергі келтіретін әрекеттерге қатысу және азаматтарға көрсетілетін қызметтерді жеке пайдаға жаратуға болмайтыны ерекше атап өтілді. Жиында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын сақтау және заң талаптарын бұлжытпай орындау қажеттігі де айтылды.

Іс-шара соңында қатысушыларға түсіндіру жұмыстарының жалғасатыны және мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету басты басымдық екені жеткізілді.