Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар баяндалды

Мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптар баяндалды

Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиевтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалары мен Әдеп кодексі талаптарын сақтау мәселелеріне арналған түсіндіру жиыны өтті.

Жиынға қала әкімі аппаратының бөлім басшылары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын күшейту, заң талаптарын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында құқықтық мәдениетті арттыру болды.

Жиын барысында қызметтік мінез-құлық қағидаттары, мемлекеттік қызметтегі шектеулер, мүдделер қақтығысы, қаржылық бақылау талаптары, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық нормалар жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктері мен қызметтік тәртіпті сақтау мәселелері де қамтылды.

Қатысушыларға мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп нормаларын қатаң сақтау, заң талаптарын бұлжытпай орындау және қызмет барысында бейтараптық қағидатын ұстану қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында мемлекеттік қызметшілер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.