Атырауда мемлекеттік қызметшілерге діни бейтараптықтың маңызы түсіндірілді

Атырауда мемлекеттік қызметшілерге діни бейтараптықтың маңызы түсіндірілді

Атырау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен қызметтік мінез-құлық қағидаларын сақтау, ойын мекемелеріне барудан тартыну, әріптестерге діни нанымдарын таңбау мәселелеріне арналған жиын өтті.

Қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиевтің төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері, қала әкімі аппаратының бөлімдері мен дербес бөлімдердің басшылары, сондай-ақ «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы, Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Нұрлан Олжабай қатысты.

Жиында қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Кадралиев мемлекеттік қызметтің өзіндік қағидалары мен талаптарына ерекше тоқталды.

– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2026 жылғы 19 қаңтардағы №8 бұйрығына сәйкес әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмыс жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілердің зайырлылық қағидаттарын дұрыс түсінуі, діни мәселелерде заң талаптарын сақтауы және әріптестеріне өз көзқарасын таңбауы аса маңызды. Осыған байланысты бүгін арнайы теолог маманды шақырып, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз, – деді А.Сарсенбайұлы.

Кездесу барысында теолог маман Нұрлан Олжабай Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі ұстанымдары мен мемлекеттік қызметшілер үшін діни бейтараптықты сақтаудың маңызына тоқталды. Ол мемлекеттік қызметшілердің жеке діни сенімі өз таңдауы болғанымен, қызмет барысында заң талаптарын, кәсібилік пен бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуы қажеттігін атап өтті.

Мемлекеттік қызметшілер өздерін толғандырған сауалдарына тиісті жауаптар алды.