Атырауда Академияға қабылдау науқаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Атырауда Академияға қабылдау науқаны бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Атырау қалалық әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Қадралиевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 2026–2027 оқу жылына қабылдау мәселелеріне арналған ақпараттық кездесу өтті. Жиынға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров, мемлекеттік қызметшілер мен сала мамандары қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік басқару жүйесіндегі кәсіби кадр даярлау, білім беру бағдарламаларындағы жаңашылдықтар және Академияға қабылдау талаптары кеңінен түсіндірілді. Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Айбек Сарсенбайұлы:

– Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі – білікті маманға тікелей байланысты. Сондықтан кәсіби білім мен тәжірибені ұштастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін тұрақты жетілдіру – уақыт талабы. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы үлкен мүмкіндіктер ұсынып келеді. Бүгінде өңірімізден көптеген мемлекеттік қызметшілер Академияда білім алып, кәсіби деңгейін көтеріп, басқару саласындағы құзыреттерін жетілдіруде, – деді.

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров 2026–2027 оқу жылына құжат қабылдау 1 сәуірден басталғанын айтып, биылғы қабылдау науқанындағы негізгі өзгерістер мен жаңа білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл мемлекеттік білім беру гранттарының саны едәуір артып, жаңа білім беру бағдарламалары енгізілген.

Кездесу барысында магистратура мен докторантура бағдарламаларына қабылдау талаптары, конкурстық іріктеу кезеңдері, аналитикалық эссе жазу тәртібі, сұхбат өткізу ерекшеліктері және қажетті құжаттар тізімі кеңінен түсіндірілді. Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарына нақты жауаптар алды.