ҚАЛА ӘКІМІ ДАМБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚАЛА ӘКІМІ ДАМБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жоспарлы жиынға қалалық мәслихат депутаты, жергілікті полиция қызметі мен төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, құқық қорғау органдары, дербес бөлім басшылары және коммуналдық мекеме өкілдері қатысты.

Шаһар басшысы Дамбы ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді баяндады. Сонымен қатар, тазалық мәселесіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы кемшіліктерді қатаң сынға алды. Әсіресе Жайық өзенінің бойына пайдаланылмайтын қайықтарды тастап кету жағдайына назар аударып, мұндай бейберекетсіздікке жол беруге болмайтынын айтты. Жайық өзені – өңірдің басты байлығы екенін, көптеген балықшы өз кәсібін осы өзенмен байланыстырып, нәпақасын тауып отырғанын жеткізді. Осыған орай округ әкіміне және жергілікті полиция басқармасына бақылауды күшейтіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

– Тазалық тазаланған жерден емес, ең алдымен ластанбаған жерден көрінеді. Кейбір сотқалдай азаматтардың қоғамдық орында шемішке шағып, қоқысын бей-берекет тастауы – Жер-Анаға, тұтас табиғатқа деген жанашырлықтың жоқтығын аңғартады. Халықтың қазынасы асақалдар мен аналар өскелең ұрпаққа тазалық пен тәртіп жайлы үнемі өсиет-насихатын айтып отырса, бұл ұлт тәрбиесіне қосылған үлкен үлес болар еді. Атамекен ауылды өз үйіміздей, көшені өз ауламыздай көріп, асқан жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Өйткені тазалыққа қарап тұтас ауылдың мәдениетіне баға беріледі, – деді қала әкімі Шәкір Кейкінұлы.

Сондай-ақ, қала әкімі тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне рұқсат етілмеген қалдықтарды (кесілген талдардың бұтақтарын, малқорадан шыққан лас қоқыстарды, құрылыс қалдықтары мен ескі үй жиһаздарын) тастау мәселесін де көтерді. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 505-бабына сәйкес, құқық қорғау органдарына заң аясында тиісті шаралар қабылдауды міндеттеді.

Тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Шаһар басшысы барлық көтерілген мәселе кезең-кезеңімен заң аясында шешімін табатынын айтып, тұрғындармен кері байланыстың әрдайым маңызды екенін атап өтті.