
Атырау қалалық әкімдігінде қала әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров, ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының басшылары, қала әкімі аппараты бөлімдері мен дербес бөлім басшылары, қалалық мәслихат депутаты және коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.
Мәжіліс басталар алдында қала әкімі Шәкір Кейкінұлы жауапты қызметтерді абыроймен атқарған азаматтарға ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, Кеңөзек ауылдық округінде сегіз жыл округ әкімі болып, басқа салаға ауысқан Ернар Есентемірұлын бірлесе атқарған нәтижелі жұмыстары үшін Алғыс хатпен марапаттап, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Сондай-ақ қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Еркебұлан Сайлаубайұлын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстары үшін Алғыс хатпен марапаттап, арнайы символикалық сыйлық табыс етті.
Жиында кадрлық өзгерістер де назардан тыс қалмады. Шаһар басшысы жаңадан қызметке тағайындалған жергілікті полиция басқармасының басшысы Әділбек Қозыбеков пен Атырау қаласы полиция басқармасының басшысы Айдар Хасановтың жұмыстарына сәттілік тілеп, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындайтындарына сенім білдірді.
Аппараттық мәжіліс барысында қала тұрғындарын алаңдататын бірқатар өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Күн тәртібінде қалалық инфрақұрылымды дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және қала тазалығы бағытындағы жұмыстарды күшейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шаһар басшысы Шәкір Кейкінұлы әрбір көтерілген мәселенің тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететініне ерекше тоқталды.