Исатай мен Махамбет орталық алаңына 25 мыңнан астам тұрғын жиналып, Ұлыстың ұлы күнін бірге қарсы алды. Мерекелік шара барысында алаңға 30-ға жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, әрқайсысында қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, жергілікті кәсіпкерлер ұсынған өнімдермен танысуға мүмкіндік алды.
Облыс әкімі Серік Шапкенов пен шаһар басшысы Шәкір Кейкин мерекелік алаңды аралап, тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Сондай-ақ, алаңда ұлттық әуендер шырқалып, думанды кештің сәнін дәстүрлі ойындар кіргізді.
Мерекелік бағдарлама «Қош келдің, әз Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен бастау алып, көрермендерге ерекше әсер сыйлаған мюзиклдік қойылыммен жалғасты.
Тұрғындарға тілегін білдірген өңір басшысы Серік Шапкенов өз сөзінде ұлттық мерекенің мән-маңызын атап өтті:
– Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың ғана емес, бірлік пен татулықтың мерекесі. Қазақ халқы оны ежелден молшылық пен келісімнің бастауы ретінде қадір тұтқан. Бұл күні айтылған ақжарма тілектер қабыл болып, дархан даламызға құт қонып, ырыс ұя салады деген сенім бар. Бұл наным ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын, – деді ол.
Мереке барысында ұлттық спорт түрлері де кеңінен көрініс тапты. Қатысушылар қазақша күрес, қой көтеру, бұқа тартыс, асық ату сынды сайыстарда күш сынасып, үздіктер арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік думан эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Әсіресе, «Алатау серілері» ансамблінің сүйемелдеуімен 500 жастың биі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, кештің басты қонағы Әділет Жауғашардың орындауындағы әндер жиналған жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды.