ТАЗАРУ КҮНІ “ТАЗА ЖАҒАЛАУ” СЕНБІЛІГІ ӨТТІ

ТАЗАРУ КҮНІ “ТАЗА ЖАҒАЛАУ” СЕНБІЛІГІ ӨТТІ

Атырауда Наурызнама онкүндігі аясындағы Тазару күніне орай «Таза жағалау» экологиялық сенбілігі ұйымдастырылды. Шараның негізгі өткізу орны ретінде Атырау ықшамауданындағы Жайық өзенінің жағалауы таңдалып, аумақта ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілікке облыс әкімі Серік Шәпкеновпен қатар, қала тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері және 50-ден астам кәсіпорын мен ұйым қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында арнайы техника тартылып, қатысушылар жағалауды тұрмыстық қалдықтардан, балық аулау торларынан, автокөлік шиналарынан және өзге де қоқыстардан тазартты. Тазалық жұмыстарының барысын Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов бақылауда ұстап, ұйымдастыру жұмыстарына жетекшілік етті.

Нәтижесінде Атырау ықшамауданы аумағынан шамамен 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындарды тазалыққа шақырумен қатар, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған. Айта кету керек, Тазару күні аясындағы сенбіліктер өңірдің барлық аудандарында да өткізілді.