АТЫРАУДА ЭНЕРГЕТИКТЕР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

АТЫРАУДА ЭНЕРГЕТИКТЕР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Энергетиктер күні қарсаңында Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин энергетика саласының бірқатар мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, еңбектерін жоғары бағалады.

Шараға «Атырау Жарық» ЖШС, «Атырау Жылу жүйелері» ЖШС, Жылу электр орталығы» ЖШС, Атырау қалалық электр желілері мекемесінің басшылары мен сала қызметкерлері, дербес бөлім басшылары қатысты.

Қала басшысы құттықтау сөзінде энергетиктердің еңбегінің маңызын атап өтті.

- Электр энергиясы – қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін басты ресурс. Су мен жылу жүйелерінің барлығы да электр қуатына тәуелді. Сіздер ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күн-түн демей еңбек етіп, қаланың және тұрғындардың үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп келесіздер. Жауапты салада атқарып отырған еңбектеріңіз зор құрметке лайық, – деді Ш.Кейкин.

Салтанатты жиында қалалық әкімдіктің ТҮКШ және ТҮИ бөлімі энергетика және байланыс секторының меңгерушісі Жасұлан Камзаевқа ҚР Энергетика министрлігінің «Құрметті энергетик» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, 27 электрик, оператор, электромонтер, әуе желісі шеберлері мен диспетчер мамандар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, қала аумағында энергетика саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінде 130 шақырымнан астам электр желісі жаңғыртылып, 22 шақырым жаңа желі салынуда. Электр инфрақұрылымының сенімділігін арттыру мақсатында 17 тарату пункті мен 6 трансформаторлық станса қайта жаңғыртылып, 1 409 апатты электр бағанасы ауыстырылды. Сондай-ақ, 454 көшеде 319 шақырым түнгі көше жарығы іске қосылды, ал 2026 жылы тағы 268 көшеге жарық орнату жоспарлануда.