Бүгін қала басшысы Шәкір Кейкин Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен жүздесті. Ашық форматта өткен кездесуде алдымен 11 мамыр күні өткен сайлау нәтижесінде округ әкімі болып тағайындалған Темірлан Байжанұлы Аубакировты жұртшылыққа таныстырып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Шәкір Кейкин жаңа әкімге нақты тапсырмалар беріп, осы уақытқа дейін жинаған тәжірибесін халық игілігіне жұмсау қажеттігін атап өтті.
Қаланың дамуы – тұрғындардың игілігі үшін. Кездесу барысында қала әкімі округте жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы кеңінен баяндады. Инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, әлеуметтік нысандар салу, жол жөндеу, қоғамдық көлік желісін ретке келтіру сияқты маңызды мәселелер күн тәртібінде тұрғанын айтты.
Халықпен ашық диалог. Кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, тұрғындар округті абаттандыру, жаңа саябақтар салу, жол құрылысы, қоғамдық көліктердің қозғалыс бағыттарын оңтайландыру және жаңа аялдамалар орнату сынды өзекті сұрақтарын қойды. Қала басшысы әрбір сауалға заң аясында нақты жауап беріп, барлық ұсыныстар мен өтініштердің кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Айта кетейік, кездесудің толық барысы қалалық әкімдіктің ресми әлеуметтік желі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді, бұл – ашықтық пен қолжетімділіктің айқын көрінісі.