«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды

«Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заң қабылданды

Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылғы    2 наурыздан бастап құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заңы (бұдан әрі – Заң) күшіне енеді.

Бірыңғай Заңды қабылдау мынаған бағытталған:

  • адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз етуге;
  • құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, зерделеуге және жоюға;
  • құқық бұзушылықтар деңгейін төмендетуге;
  • қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың профилактикасына азаматтардың белсенді қатысуын арттыруға.

Құқық бұзушылықтардың профилактикасықұқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу және жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтау және нығайтуға бағытталған, құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілері жүзеге асыратын құқықтық, экономикалық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық және өзге де шаралар кешені.

Заңның негізгі мақсаттары – құқық бұзушылықтардың профилактикасы саласында адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін (құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан) қорғауды және сақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу және жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтау және нығайту болып табылады.

Заңда мыналар көзделген:

  • құқық бұзушылықтардың профилактикасы субъектілерінің тізбесі мен олардың құзыреттері;
  • құқық бұзушылықтардың профилактикасы мәселелері бойынша ведомствоаралық үйлестіру және өзара іс-қимыл жүйесі;
  • құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесі;
  • құқық бұзушылықтардың профилактикасына қатысатын адамдарды ынталандыру шаралары;
  • Қазақстан Республикасының құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік.

Негізгі жаңашылдықтар:

  • азаматтарды және жергілікті қоғамдастықты құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі жұмысқа тарту және оларды ынталандыру. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысына білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы ұйымдар мен уәкілетті органдар, бұқаралық ақпарат құралдары, кәсіпкерлік субъектілері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Заңда көзделген өзге де субъектілер тартылады. Ортақ жауапкершілік енгізіледі: өңірдегі құқықтық тәртіп үшін – әкімдер, өз құзыреті шегінде профилактика үшін – мемлекеттік органдар, есептерді тыңдау бойынша – мәслихаттар жауапты болады.
    Үйлестіру Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жанынан құрылатын құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссия (ВАК) арқылы жүзеге асырылады.
    ВАК жұмысының қорытындылары Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі (құқық бұзушылықтардың профилактикасы) туралы Ұлттық баяндамада көрсетілетін болады;
  • құқық бұзушылықтардың профилактикасы жүйесі: жалпы, жеке және арнайы, оның ішінде виктимологиялық (яғни нақты бір адамның немесе адамдар тобының құқық бұзушылықтың құрбаны болу қаупін төмендетуге бағытталған) шаралар, сондай-ақ тәуекелдерді ерте анықтауға және құқыққа қарсы мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған шаралар.

Құқық бұзушылықтардың профилактикасы жөніндегі жалпы шаралар құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін әлеуметтік-экономикалық себептер мен жағдайларды жою арқылы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бағытталған.

Жеке профилактика шараларына мыналар жатады: профилактикалық әңгімелер, ресми ескертулер, жақындауға тыйым салу, әкімшілік жаза қолдану, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарды (отбасыларды) есепке алу, профилактикалық есеп және бақылау, қорғау нұсқамасы және басқа да шаралар (құқық бұзушылықтардың жасалуын болдырмау мақсатында тұлғаның не адамдардың шектеулі тобының құқықтық санасы мен мінез-құлқына жүйелі, мақсатты түрде ықпал ету үшін қолданылады, сондай-ақ олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін).
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі арнайы шаралар құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерінің алдын алуға, олардың жасалу себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған. Арнайы шараларды қолданудың негізі – адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің қоғамдық қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне қол сұғатын қауіптер мен қатерлердің туындауы болып табылады.

Құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі қағидаттары Заңмен айқындалады:

  1. заңдылық;
    жариялылық;
    3. ғылыми негізділік;
    4. құпиялылық;
    5. репрессиялық шаралардан құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шаралардың басымдығы;
    6. кешенділік және жүйелілік;
    7. жеке дара тәсіл;
    8. ізгілік;
    9. отбасыны қолдау және сақтау;
    10. адамға және азаматқа физикалық және (немесе) психикалық азап келтіруге жол бермеу.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу саласында профилактикалық шаралар қолданылатын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен профилактика субъектілерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқылы.