Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасына сәйкес, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшыларымен бірге «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ-ға барды. Жұмыс кездесудің мақсаты — жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу қызметімен, сондай-ақ жоғары технологиялық зертханалық сынақтар жүргізу мүмкіндіктерімен егжей-тегжейлі танысу. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын анықтау және аурулар мен зиянкестердің жасырын түрлерін анықтау әдістеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында қатысушылар Seifullin University-дің мамандандырылған агротехнопаркінің жұмысымен танысты. Бұл орталық жобаларды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ) кезеңінен бастап коммерцияландыруға дейін толық сүйемелдеуді қамтамасыз ете отырып, озық агротехнологияларды пилоттық енгізу мен демонстрациялауда басты рөл атқарады. Агротехнопарк қызметі технологиялық тәуекелдерді азайтуға және инновациялық шешімдерді зертханалардан тікелей өндіріске тасымалдауды (трансфертті) жеделдетуге бағытталған.
Кездесуге қатысушылар толық циклді зертханалық кешеннің техникалық жабдықталу деңгейінің жоғарылығын ерекше атап өтті. Оның құрылымына Ауыл шаруашылығы дақылдарын молекулалық-генетикалық зерттеудің Қазақстан-Австралия инновациялық орталығы, сондай-ақ агробиотехнология, микробиология, физика-химиялық талдау, үлгілерді дайындау және аналитикалық зерттеулердің заманауи зертханалары кіреді.
Кездесу қорытындысы бойынша Комитет төрағасы ведомстволық бағынысты құрылымдарға университеттің техникалық әлеуетін, қызметкерлерді оқыту және озық тәжірибені қабылдау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.