Ақтөбе облысында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресуге дайындық шаралары жүргізілуде

Ақтөбе облысында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күресуге дайындық шаралары жүргізілуде

Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге арналған арнайы бүріккіш техниканың дайындығын бағалау өтті. Инспекцияға ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин мен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов қатысты.

Іс-шара барысында мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша анықталған мердігер ұйымдар химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге арналған бүріккіш техниканың толық техникалық жабдықталуы мен дайындығын көрсетті. Биылғы маусымда Ақтөбе облысында 584 мың гектар жерді өңдеу жоспарланған, оның ішінде 424 мың гектары үйірлі шегіртке тектестерге қарсы және 160 мың гектары саяқ шегіртке тектестерге тиесілі. Осы міндеттерді орындау үшін 74 бірлік арнайы техника жұмылдырылады.

Бағалау қорытындысы бойынша бейінді ведомстволардың басшылары мен мердігерлерге аумақтарды уақтылы және сапалы өңдеуді қамтамасыз ету бойынша нұсқаулар берілді. Комитет аталған зиянкестердің көші-қонын болдырмау және өнімді сақтап қалу үшін жағдайды ерекше бақылауда ұстауды жалғастыруда.