
Комитет төрағасы С. Қаныбеков аумақтық инспекциялармен фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша ағымдағы міндеттерге арналған жұмыс кеңесін өткізді.
Импорттық бақылауды талқылау аясында Қазақстан Республикасының фитосанитариялық қызметі тарапынан бүгінгі таңда ешқандай шектеулер жоқ екені және азық-түлік мақсатына арналған астықты штаттық режимде әкелуге рұқсат етілгені ресми түрде расталды. Сонымен қатар, аумақтық бөлімшелерге жемдік өнімдерді азық-түлік тауары ретінде әкелу фактілерін жедел тіркеп отыру және бұл туралы белгіленген тәртіппен басшылықты дереу хабардар ету тапсырылды.
Фитосанитариялық бақылау мәселелерімен қатар, кеңесте 2026 жылғы маусымдағы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жөніндегі алдағы іс-шараларға дайындық барысы қаралды.
Кездесу барысында Қытай Халық Республикасына ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселесі де қаралды.
Комитет төрағасы қызметтік әдеп мәселелеріне ерекше тоқталып, аумақтық инспекцияларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтауды және фитосанитариялық бақылау бекеттеріндегі құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
Комитет басшысы барлық бақылау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу басым міндеттері екенін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруға, фитосанитариялық қорғау науқандарына сапалы дайындалуға және жергілікті жерлердегі аумақтық инспекция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қатаң сақтауына бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді.