
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері мен аумақтық инспекциялардың қатысуымен фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы фитосанитариялық қауіпсіздік – аграрлық сектордың тұрақты дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер ететін стратегиялық бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Кеңес барысында шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізуге дайындық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, жоспарланған химиялық өңдеулер көлемі, арнайы техниканың дайындық жағдайы, жұмыртқа қабаттарын анықтау және қазу жұмыстарын жүргізу мерзімдері, сондай-ақ зиянкестердің таралуын жүйелі бақылау жүйесін ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Осы жылдың болжамына сәйкес, шоғырланған шегірткеге қарсы химиялық өңдеулер жүргізілетін алаң көлемі 2,2 млн га болады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5 млн га кем.
Жоспар бойынша 532 бірлік бүрку техникасы жұмылдырылып, шамамен 3500 тексеруші тартылатын болады. Республика және аймақ деңгейінде жедел штабтар, call-орталық және Telegram-бот арқылы жұмыстардың жедел үйлестіруі қамтамасыз етіледі.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар беріліп, фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы жүргізуге, ағымдағы жылғы өнімді тиімді қорғауға және ведомство қызметіндегі ашықтық механизмдерін одан әрі жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар анықталды.