Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын цифрландыру мәселелері қаралды

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің қозғалысын цифрландыру мәселелері қаралды

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бақылаудағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен өсімдіктерді қорғау құралдарының (ӨҚҚ) қозғалысын бақылауды жетілдіру мәселелеріне арналған ведомствоаралық кеңес өтті.

Кеңеске Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҰҚК Шекара қызметінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында мемлекеттік шекараны кесіп өту кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Жүктердің өтуін жеделдетумен қатар ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, кеден органдары және шекаралық бақылау рәсімдерін үйлестіруге ерекше назар аударылды.

Өсімдіктерді қорғау құралдарын әкелу, айналымы және тасымалдануын бақылауды күшейту шаралары жеке блок ретінде талқыланды. Қатысушылар ӨҚҚ айналымының ашықтығын арттыру және тіркелмеген өнімдердің әкелінуінің алдын алу қажеттігін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпараттық жүйелерді одан әрі цифрлық интеграциялау жоспарын таныстырды. Негізгі мақсат — жүктердің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендететін «бірыңғай цифрлық терезені» қалыптастыру.

«Мемлекеттік және квазимемлекеттік органдар жүйелерінің интеграциясы — бұл тек техникалық мәселе емес, бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорт-импорт үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етудің негізі», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Кеңес қорытындысы бойынша профильдік мемлекеттік органдарға деректер алмасу хаттамаларын жетілдіру және АШМ, МКК және логистикалық операторлардың ақпараттық жүйелері арасындағы интеграциялық процестерді жеделдету бойынша ұсынымдар берілді.