
Халықаралық сауданың өсуі жағдайында фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ерекше маңызға ие. Карантинге жатқызылған өнімнің жағдайын тиімді бақылау, оның ішінде зертханалық сараптамаларды жүргізу – ішкі нарықты қорғаудың және елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудың маңызды тетігі.
Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Беларусь және Ресейдің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен тең жағдай қалыптастыру мақсатында, 2025 жылғы 24 қарашадан бастап Қазақстанның бірқатар өңірінде карантиндік фитосанитариялық сараптаманы ақылы негізде жүргізу тәртібі енгізілді. Сараптама «Фитосанитария» ШЖҚ РМК базасында жүзеге асырылады.
Көрсетілген өңірлерде карантинге жатқызылған өнімнің әкелінуін жүзеге асырылатын фитосанитариялық бақылау бекеттері айқындалды. Сонымен қатар, экспорт кезінде зертханалық сараптама барлық өңірлерде ұйымдастырылған.
Жаңа тәртіпті енгізуге дайындық аясында сыртқы сауда қызметіне қатысушылармен түсіндіру іс-шаралары өткізілді. Аумақтық инспекциялардың және зертханалардың қызметкерлері қажетті оқытудан өтті, олардың жұмысы тұрақты түрде үйлестірілуде.
Инспекция басшылары мен аумақтық бөлімшелерге сараптамалардың сапалы және уақтылы жүргізілуін қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты бақылауда.
Жаңа тәртіпті іске асыру фитосанитариялық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, сараптама жүргізуден түсетін қаражат саланың дамуына – зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кадрлық әлеуетті арттыруға және рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.