
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров халықаралық сауда көлемінің өсуі жағдайында фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелерінің ерекше маңызға ие болғанын атап өтті. Тиімді карантиндік бақылау мен сапалы зертханалық сараптама – ішкі нарықты қорғаудың және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралдары екендігін атап өтті.
Өзбекстан, Әзербайжан, Қытай, Беларусь және Ресей тәжірибесін ескере отырып, министр көршілес елдермен тең жағдай қалыптастыру үшін фитосанитариялық сараптаманы ақылы негізге көшіруді тапсырды. Бұл қадам фитосанитариялық қызметтердің сапасын арттырып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Сараптама жүргізуден түсетін қаражат саланы дамытуға – зертханаларды жаңғыртуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Бұл елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін күшейтуге елеулі үлес қосады.