Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің тапсырмасына сәйкес, Агорөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы С.А. Қаныбеков «Өсімдіктер карантинінің республикалық орталығы» мемлекеттік мекемесінің және «Фитосанитария» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшыларымен бірге Түркістан облысындағы фитосанитариялық бақылау бекеттерінің қызметімен танысты.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі бірқатар фитосанитариялық бақылау бекеттерін аралау жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес жақында Солтүстік Қазақстан облысындағы фитосанитариялық бақылау бекеттері тексерілді, алдағы уақытта Жамбыл және Алматы облыстарындағы бекеттерге бару, сондай-ақ министрдің тапсырмасына сәйкес барлық фитосанитариялық бекеттерді кезең-кезеңімен аралау жоспарлануда.
Бекеттерді аралаудың негізгі мақсаты – ҚР Үкіметінің арнайы қаулысы аясында зертханалық сараптамаларды жүргізу тәртібі бойынша қызметкерлермен түсіндіру жұмыстарын өткізу, сондай-ақ зертханалық сараптамаларды жүргізу және Үкімет қаулысына сәйкес референттік зертхана құру мәселелерінде «Өсімдіктер карантинінің республикалық орталығы» мемлекеттік мекемесі мен «Фитосанитария» РМК арасындағы өзара іс-қимылды бақылау болып табылады.
Сондай-ақ бекеттердің ағымдағы қызметі мен материалдық-техникалық базасы зерделеніп, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаушылармен карантиндік фитосанитариялық талаптарды сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру шаралары жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша әкелінетін өнімге бақылауды күшейту, фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы және жедел жүргізу арқылы Қазақстан Республикасының фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті тапсырмалар берілді.