«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында азық-түлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форум шеңберінде Шанхай қаласында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь арасында екіжақты кездесу өтті.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайын талқылап, аграрлық саладағы болашақ ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады.
Әсіресе, ветеринариялық, санитарлық және фитосанитарлық бақылау мәселелеріне, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге және өзара сауданы жеңілдету шараларына назар аударылды.
Айдарбек Сапаров Қытай тарапымен орнаған конструктивті және серіктестік сипаттағы қатынастарды жоғары бағалады.
«Біз ҚХР Бас кеден басқармасының қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына ілгерілетуге көрсетіп отырған қолдауын жоғары бағалаймыз. Өз тарапымыздан, Қазақстан жеткізілетін өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсауда», — деді министр.
2025 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 28%-ға өсіп, 992,3 миллион АҚШ долларына жетті.
Министр биыл мамырда Алматыда өткен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Мәселен, инспекция және карантин саласында өзара іс-қимыл мен консультациялар тетігін құру туралы меморандумға қол қойылып, уақытша жұмыс тобы тұрақты мәртебеге ие болған.
Қысқа уақыт ішінде тараптар бірқатар жаңа хаттамаларға қол қойды. Олардың ішінде құс еті, термиялық өңделген қой еті және қызылша сығындысы бойынша келісімдер бар.
Сондай-ақ тері мен сойылған ірі қара малға арналған ветеринариялық сертификаттардың жобалары дайындалып, олардың келісімі күтілуде.
Айдарбек Сапаров тұрақты жұмыс тобының қажетті және кәсіби алаң ретінде өз тиімділігін дәлелдегенін айтып, оның әлеуетін одан әрі ынтымақтастықты тереңдету үшін белсенді пайдалануды ұсынды.
Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында 21 түрлі өнімге қатысты фитосанитариялық талаптар жөніндегі 16 хаттамаға қол қойылған.
Олар бидай, арпа, соя, зығыр, рапс және басқа да дақылдарды қамтиды.
Сонымен қатар 2 800-ден астам қазақстандық кәсіпорын ҚХР Бас кеден басқармасының тізіліміне енгізіліп, қытай нарығына өнім экспорттауға құқық алған.
Қазақстандық тарап өнім түрлері мен жеткізу географиясын кеңейтуге, сондай-ақ бірқатар процестерді жеделдетуге қызығушылық танытып отыр.
Атап айтқанда, ет өңдеу кәсіпорындарын инспекциялау нәтижелерін қорытындылау, сиыр және шошқа еті (оның ішінде салқындатылған, термиялық өңделген және қосалқы өнімдер), сондай-ақ шиенің жаңа өнімі бойынша жаңартылған хаттамаларға қол қою, инкубациялық жұмыртқа өндіретін қытай кәсіпорындарын инспекциялауды ұйымдастыру, қызылша сығындысын өндіретін қазақстандық кәсіпорындарға бірлескен тексеріс жүргізу мәселелері талқыланды.
«Бүгін біз қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қытай нарығына қолжетімділігін одан әрі кеңейтуге қатысты негізгі мәселелерді талқыладық. ҚХР Бас кеден басқармасымен сындарлы диалогты жалғастырып, өзара қолдауға сенім артамыз», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде Сунь Мэйцзюнь ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, сауда қатынастарын дамыту бағытында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді тұрақты жұмыс тобының отырыстары шеңберінде талқылауды жалғастыруға уағдаласты.