Қазақстан «IBI 9.9 Global Business Linkage Festival» халықаралық фестиваліне қатысты

Қазақстан «IBI 9.9 Global Business Linkage Festival» халықаралық фестиваліне қатысты

Қазақстан делегациясы ауыл шаруашылығы мен оған іргелес салалардағы тәжірибе алмасу және бизнес ынтымақтастықты дамытуға арналған халықаралық алаң — «IBI 9.9 Global Business Linkage Festival» фестиваліне қатысты. Бұл форумда ауыл шаруашылығындағы негізгі үрдістер, инновациялар және цифрландыру мәселелері талқыланып, ондаған елдердің өкілдері жыл сайын бас қосады.

ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сәкен Қаныбеков Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі жетістіктерін таныстырды. Атап айтқанда, 2024 жылы елде рекордтық көлемде астық жиналып, экспорт көлемі 13,4 млн тоннадан асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 30%-ға өсті.

Өз сөзінде ол агродрондарды енгізу мәселесіне де ерекше назар аударды. Олар саланы жаңғыртудың маңызды құралына айналуда. 2025 жылы Министрлік ҚХР-нан ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу және шегірткеге қарсы күрес үшін қолданылатын 53 дрон сатып алды. Пилотсыз технологияларды пайдалану шығындарды азайтып, өнімділікті арттыруға және өсімдіктерді қорғау құралдарын енгізуге мүмкіндік берді.

Қазақстан алдағы уақытта егістіктер мен топырақты мониторингілеуге арналған тағы 50 дрон сатып алып, сервистік инфрақұрылым құруды жоспарлап отыр.

Қазақстанның «IBI 9.9 Global Business Linkage Festival» фестиваліне қатысуы цифрландыру және агротехнологиялар саласындағы озық тәжірибелерді қабылдауға маңызды мүмкіндік болды.

«Серіктестікті одан әрі дамыту және инновацияларды енгізу елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Сәкен Қаныбеков.