ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қырғыз мамандарымен бірлесіп, шегіртке таралу ошақтарын бақылау үшін шекаралас аумақтарды тексеруді бастады. Бұған дейін Өзбекстанмен шекарада осыған ұқсас шаралар жүргізілген болатын. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен шегірткенің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық штаб отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы хабарлады.
Вице-министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта Өзбекстанмен шекаралас аумақтарда мароккалық және басқа да топтасатын шегіртке ошақтары анықталмаған.
«Бүгін қырғыз тарапымен шекарадағы қазақстандық учаскелерінде бірлескен тексеруді бастадық. Шегіртке зиянкестерінің негізгі ошақтары Қырғызстанның оңтүстік аймақтарында шоғырланған. Алайда, қазіргі уақытта жәндіктердің Қазақстан бағытында таралу қаупі тіркелмеген», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарада да тексерулер жалғасуда. Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы шекаралас учаскелер тексерілді — шегіртке зиянкестерінің таралу жағдайлары анықталмады. Алдағы күндері, маусымның бірінші және екінші онкүндігінде Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында осыған ұқсас шараларды өткізу жоспарлануда.
Қытайдың шекаралас аймақтарына келетін болсақ, қазіргі уақытта шегірткенің таралуы туралы ресми расталған жағдайлар тіркелмеген.
2 маусымдағы жағдай бойынша 6,1 млн гектар аумақ тексерілді, бұл жоспарланған көлемнің 35,6%-ын құрайды. Химиялық өңдеуге 1 млн га аса аумақ жатады, оның 971,5 мың га өңделді, бұл болжанған 2,1 млн гектардың 46,3%-ын құрайды.
Қазіргі уақытта өңдеу жұмыстары 15 облыста жүргізілуде. Солтүстік Қазақстан облысында шаралар зиянкестердің алғашқы ошақтары пайда болған кезде басталады. Барлығы 443 бүріккіш техника бірлігі жұмылдырылған, аймақтар қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген.
Штаб отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер Серік Жұманғарин негізгі қорғаныс шаралары іс жүзінде аяқталған аймақтардан техниканы шегірткенің таралу ықтималдығы жоғары Ақтөбе және Қостанай облыстарына жедел түрде ауыстыруды тапсырды.
2025 жылғы 14 мамырдан бастап Алматы облысы аумағында шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау шаралары жүргізілуде. Бұл шаралар бекітілген жоспарға сәйкес, авиациялық, жерүсті техникасы мен дрондарды тарта отырып жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күнге дейін 330 мың гектардан астам аумақта мониторинг жүргізіліп, 27 мың гектардан аса жерге химиялық өңдеу жасалды.
Жұмыстарды салалық ведомстволар мен мердігер ұйымдар үйлестіріп отыр.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Шеңгелді ауылдық округінде көшпелі кеңес өткізіп, науқан барысымен жеке танысты.
Мердігер ұйымдардың өкілдері мен ауыл шаруашылығы саласының мамандарына ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, химиялық қорғаныс құралдарымен үздіксіз қамтамасыз ету, зиянкестердің жаңа ошақтары анықталған жағдайда жедел әрекет ету тапсырылды.
2025 жылғы 31 мамырдағы жедел деректерге сәйкес, Қазақстан аумағында үйірлі шегіртке зиянкестерінің бар-жоғын анықтау мақсатында 5,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жері зерттелді. Оның ішінде 844 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын, онда 371 786 гектар жер өңделді, қазіргі уақытта аумақты толық тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Жамбыл облысында марокко шегірткесіне қарсы шаралар толық аяқталды. Сонымен қатар, итальяндық прусқа қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 27 898 гектар аумақта жалғасуда.
Үйірлі шегірткеге қарсы күрес шаралары еліміздің 15 өңірінде белсенді түрде жүргізілуде.
Болжам бойынша, 2025 жылы Қазақстан аумағында үйірлі шегіртке зиянкестері 2,1 млн гектарға дейін жерді басып алуы мүмкін. Ең жоғары қауіп Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында сақталып отыр.
Жалпы, 443 бірлік арнайы өңдеу техникасы жұмылдырылды, оның ішінде 55 жеңіл авиациялық ұшақ пен 49 дрон бар.
Жергілікті жерлерде жұмыстарды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіруде. Мониторинг пен күрес шараларына 4 625 маман тартылды.
Шегіртке зиянкестері ошақтарын анықтау және жою бойынша кешенді шаралар жоспарлы түрде жалғасуда.
2025 жылғы 29 мамырдағы жедел деректерге сәйкес, Қазақстан аумағында 4,774 млн га ауыл шаруашылығы алқабы тексерілді. Оның ішінде 2,1 млн га жерге үйірлі шегірткелер таралған. 700,8 мың га алаңда химиялық өңдеу жүргізілді.
Түркістан облысында мароккалық шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда 371 780 гектар жер өңделіп, тазалау жұмыстары жүріп жатыр.
Жамбыл облысында да мароккалық шегірткеге қарсы шаралар аяқталды. Сонымен қатар, 49 600 га алаңда итальяндық прусқа қарсы күрес шаралары жалғасуда.
Қызылорда облысында 18 440 га, Ақтөбе облысында — 79 300 га, Қарағанды облысында — 7 100 га жерге химиялық өңдеу жүргізілді.
Жалпы алғанда, үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары елдің 15 өңірінде белсенді түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 443 арнайы бүріккіш техника жұмылдырылған, олардың қатарында 55 жеңіл авиация борты мен 49 дрон бар. Зерттеу және күрес шараларына 4 625 маман тартылған.
Өңірлердегі жұмыстарды облыс әкімдерінің орынбасарлары жетекшілік ететін жедел штабтар үйлестіруде.
Ауыл шаруашылығы министрлігі азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында Call-орталық пен Telegram-чат құрғанын хабарлаймыз.
Call-орталық күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін +7 (7172) 72 53 82 нөмірі бойынша жұмыс істейді.
Telegram-чат тәулік бойы, демалыс күндерін қоса алғанда, қолжетімді.
Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқандарға жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Тек ресми дереккөздерді — АШМ мен облыс әкімдіктерінің ресурстарын пайдалануға және тексерілмеген ақпаратты жариялаудан бас тартуға шақырамыз.
Бұл деректер 27 мамырда Премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткен шегірткеге қарсы күрес жөніндегі республикалық штабта айтылды.
Бұрын айтылғандай, 2025 жылы Қазақстан аумағында 2,1 млн га алаңда үйірлі шегірткенің таралуы болжанып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн га-ға аз болғанмен, әсіресе, Қостанай (650 мың га), Ақтөбе (512,9 мың га) және Батыс Қазақстан (134,5 мың га) облыстарында көптеп таралуы мүмкін. Барлық өңірде мониторинг жүргізіліп, қорғаныс шаралары жасалуда.
«27 мамырдағы жағдай бойынша, шегірткенің пайда болу орнын анықтау үшін 4,1 млн га жер зерттелді. Дернәсілдер қоныс тепкен жалпы аумақ 1,1 млн га. Оның ішінде 667,8 мың га алдағы уақытта өңделеді. Жалпы 596,3 мың га өңделді. Жамбыл облысында мароккалық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу аяқталып, италиялық прусқа қарсы шара жалғасуда. Түркістан облысындағы жұмыс аяқталып қалды. Өңірде барлығы 370,6 мың га өңделіп, тазалау жұмысы жүргізілуде», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу Абай (4 мың га), Ақмола (6 мың га), Ақтөбе (51,9 мың га), Алматы (6,3 мың га), Атырау (10,1 мың га), Шығыс Қазақстан (1,4 мың га), Жетісу (21,8 мың га), Батыс Қазақстан (16,2 мың га), Қарағанды (4,5 мың га), Қостанай (40,6 мың га), Ұлытау (1,8 мың га) мен Қызылорда (13,1 мың га) облыстарында да жүргізіліп жатыр. Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облысында италиялық прусқа қарсы шаралар өңделетін алаң анықталғаннан кейін басталады.
Еске салсақ, үйірлі шегірткемен күреске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлінген. Биылғы маусымда 443 мамандандырылған бүрку техникасы, оның ішінде 31 аса жеңіл авиация кемесі, 24 ұшақ пен 49 ҰҰА жұмыс істейді. Барлық өңірде жергілікті жұмысты үйлестіру үшін облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар құрылған.
Жалпы республика бойынша 4 625-тей адам тексеру жұмысына кіріскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. 2024 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі 56 агродрон сатып алған еді. Оның 7-еуі шегірткенің таралу ошағын анықтауға, 49-ы химиялық өңдеуге арналған.
«Осы маусымда зерттеуші дрондар Түркістан облысында шегіртке ошағын өте дәл анықтауда. Бүгінде ол Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарында да қолданылып жатыр», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Бүріккіш дрондар қазірдің өзінде барлық өңірде көптеп қолданылуда. Оның көмегімен 52,5 мың гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр.
Штаб отырысында Серік Жұманғарин зиянкестен қорғану шаралары қызу жүргізіліп жатқан өңірлерді тыңдады. Атап айтқанда, Қызылорда облысында қатты желдің және шегіртке дернәсілінің адам аяғы жетпейтін жерге ұялауының салдарынан химиялық өңдеуге әуе техникасының шамасы жетпеуде. Мөлшерден тыс көп пестицид те қажет. Вице-премьер осындай жағдайда жұмыс істей алатын газ генераторы секілді жерүсті техникасын көптеп жеткізуді тапсырды.
«Әлі де шегіртке табиғи таралу циклінің шыңына жеткен жоқ. Егінге зиян келтірмеу үшін өңірдегі жағдайға орай жедел әрекет етуіміз керек. Туындаған проблемаларды тез шешу үшін республикалық штабтың апта сайынғы отырысын өткізуіміз қажет. Бүгінгі отырыста қабылданған шешім, екі күннің ішінде Қызылорда облысына қажетті дәрі-дәрмек пен қосымша техника жеткізілуі тиіс», — деп қорытындылады Серік Жұманғарин.
Қарағанды облысында шегірткемен күресу шаралары қабылдануда. 20 мамырдан бастап табын түрлеріне қарсы алқаптарды химиялық өңдеу жүргізіледі, ал 27 мамырда шоғырланып жүретін жәндіктерді жою жұмыстары басталады. Жағдайды бақылау және мониторингілеу үшін жедел штаб жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтың айтуынша, облыста 5,4 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеу көзделген.
Ақтоғай ауданының тұрғындары әлеуметтік желілерде зиянкестер қаптап кеткеніне шағымданды. Бұл облыстық штабтың оқиға орнына барып, шегірткемен күрес жұмыстарын бақылауды күшейтуге себеп болды. 21 мамырда ауданда фитосанитариялық диагностика және аумақтық инспекция мамандарының қатысуымен көшпелі кеңес өтті.
«Шаралар қабылданды. Техника дайын, қажетті дәрі-дәрмек қоры бар. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық филиалының мамандары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді көктемгі зерттеу жұмыстарын жүргізуде», – деп хабарлады Әнуар Төлебеков.
Шегірткенің табындық емес түрлері бойынша аумақты өңдеу 27 мамырда басталады. Жұмыстарды авиацияны қолдана отырып, мердігер ұйымдар жүргізетін болады.
83,45 мың гектар жер өңделуге жатады.
20 мамырдан бастап итальяндық прус түрлерін қоса алғанда үймелеп жүретін шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар тоғыз жер үсті бүріккіш, екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан және төрт агродронның көмегімен жүргізілуде.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық жұмыстар облыстық штабтың бақылауында болуы керектігін, сондай-ақ ақпараттық вакуум болмауы үшін тұрғындарды жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар ету қажеттігін атап өтті.
«Біз жедел әрекет еттік. Барлық іс-шаралар кесте бойынша орындалады, жағдай тұрақты режимде бақыланады. Басты міндет – ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шаруашылықтарында болуы мүмкін зиянның алдын алу», – деді өңір басшысы.
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Қызылорда және Ақтөбе облыстары аумағында шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кеңеске Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, сондай-ақ бейнебайланыс режимінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және екі облыстың аудан әкімдері қосылды.
«Аймақтағы жағдаймен таныстым. Қолайсыз ауа райына қарамастан, өңдеу жұмыстары жалғасуда. Шегірткелер бар, бірақ егістік алқаптарында емес. Жұмысты күшейтіңдер, авиация санын арттырыңдар. Егер ауа райы мүмкіндік бермесе – жерүсті техникасын көбірек тартыңдар», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, Қызылорда облысында өңдеуге жоспарланған жалпы аумақ 60,024 мың гектарды құрайды. 27 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 19 мың гектардың 13 мың гектары өңделді. Жұмысқа 4 ұшақ, 2 жеңіл ұшақ, 4 дрон және 12 жерүсті желдеткіш қондырғысы жұмылдырылған.
Ақтөбе облысында өңдеуге жоспарланған аумақ 512,960 мың гектарды құрайды, оның ішінде 52 мың гектарға жуық жер өңделді. Өңірде ұшақтар, желдеткіш қондырғылар мен аэрозоль генераторлары – жалпы 45 бірлік техника жұмылдырылған.
Кеңес барысында өңірлер өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, өзекті мәселелер мен ұйымдастыру жұмыстары талқыланды.
Кеңесті қорытындылай келе, министр химиялық өңдеулердің сапалы және уақтылы жүргізілуінің, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтудің және барлық тиісті құрылымдардың жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Шегірткемен күрестің тиімділігі үйлестірілген әрі жедел әрекетке тікелей байланысты. Барлық тапсырмалар қатаң бақылауға алынуы тиіс», – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, шегірткеге қарсы күрес шараларының барысымен танысты.
Арал ауданында министр ауыл тұрғындарымен, фермерлермен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу өткізді. Министрге облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатқаны, техника мен препараттардың жеткілікті екені баяндалды.
Жалпы, өңірде итальян шегірткесінің таралуын анықтау мақсатында 448,3 мың гектар жерге зерттеу жүргізіліп, оның 19 мың гектары экономикалық зияндылық шегінен асып кеткені анықталған. Қазіргі таңда 11,2 мың гектар алқап өңделді. Өңделіп жатқан аумақтардың басым бөлігі Арал ауданына тиесілі.
Өңдеуге заманауи агрохимиялық препараттар, 20-дан астам арнайы техника тартылған. Атап айтқанда, 4 әуе кемесі, 12 жерүсті агрегаты, 5 дрон және басқа да жабдықтар жұмылдырылған.
"Өңірге егіс науқанының барысымен танысып, шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексеру үшін келдім. Мердігер компаниялар ұшақпен өңдеуге ауа райы қолайсыз деген уәж айтуда, бірақ бұл сылтау болмауы керек. Барлық өңдеу жұмыстары уақытында және сапалы жүргізілуі тиіс. Мердігерлер бақылауды күшейтіңіздер. Қажет болса, техника мен өңдеу көлемін арттырсын. Препараттар жеткілікті. Егер жұмысты уақытылы орындамаса, тиісті шараларды қолданыңыздар. Шегіртке қанаттанып үлгермеуі керек. Бұл мәселе бақылауда тұр", – деді Айдарбек Сапаров.
Министр бұған дейін Түркістан және Жамбыл облыстарында да өңдеу жұмыстарының барысымен танысқанын атап өтті.
Түркістан облысында өңдеу жұмыстары аяқталуға жақын – 370,57 мың гектар жер қамтылып, қазір тазарту шаралары жүргізілуде. Жамбыл облысында марокко шегірткесіне қарсы 26,4 мың гектар, ал итальян шегірткесіне қарсы 18 мың гектар алқап өңделіп жатыр. Ақтөбе облысында 41,8 мың гектар жер өңделген.
Еліміз бойынша шегірткемен залалдану болжамы – 2,1 млн гектарды құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз.
Бүгінде өңдеуге жататын 607,3 мың гектардың 561,2 мың гектары өңделді. Елдің 14 өңірінде 443 техника бірлігі жұмыс істеп, 4 600-ден астам маман тартылған.
Сапар аясында Қызылорда және Ақтөбе облыстарының өкілдерінің қатысуымен көшпелі жұмыс кеңесі өтіп, шегірткеге қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Министр мониторингті күшейту, ықтимал ошақтарды өңдеуді кеңейту және жеткізушілер жұмысына бақылау жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Көктемгі маусымдық қорғау шаралары аясында Қызылорда облысында үйірлі шегірткелерге қарсы белсенді күрес жұмыстары жалғасуда.
Бүгінгі күні өңірде өңделуге жоспарланған 17,132 мың гектардың 10,524 мың гектары ауыл шаруашылығы алқаптары өңделді.
Шегірткеге қарсы күрес шаралары Арал ауданына қарасты Қарақұм, Сазды, Аққұм, Қосаман және Жіңішкеқұм ауылдық округтерінің аумағында жүргізілді. Жұмысқа 2 жеңіл авиация кемесі, 2 аса жеңіл ұшақ, 12 жерүсті техникасы, 5 дрон, 45 арқаға асылатын бүріккіш жұмылдырылды. Мониторинг жұмыстарына 48 маман тартылған.
Облыс бойынша шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес шараларын жүргізу үшін болжанған жалпы аумақ — 60,024 мың гектар. Жоспарланған аумақтың барлығы бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалған.
Өңірде облыс әкімінің орынбасары басқаратын жедел штаб жұмыс істейді, осындай штабтар аудан деңгейінде де қызмет етуде. Жергілікті жерлерде мониторинг жүргізу және іс-қимылды үйлестіру үшін 279 адам тартылған.
Жалпы, үйірлі шегірткелердің дернәсілдерін анықтау мақсатында 445,8 мың гектар жерге зерттеу жүргізілді. Күрес шаралары АӨК-дегі мемлекеттік инспекция комитетінің бақылауымен өтуде. Егін алқаптарының зақымдану жағдайы тіркелген жоқ.
Өңдеу жұмыстарының барысын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин қадағалап отыр, ал Қызылорда мен Ақтөбе облыстарының шекарасында бақылауды Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы жүзеге асыруда.
Өңірлерде мониторинг және күрес жұмыстары жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігінде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын өткізу мәселелері талқыланды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қаныбековтың айтуынша, бүгінгі күні 3,2 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптары зерттеліп, оның 878,3 мың гектарында зиянкестердің бар екені анықталған. Өңдеуге жататын 528,4 мың гектардың ішінде 486,3 мың гектар жерде шаралар жүргізілген.
Ауыл шаруашылығы министрі өңірлердегі жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
«Міндеттемелерді алған мердігерлер барлық қажетті техниканы толық көлемде қамтамасыз етуі тиіс. Жұмыстар кестеге сәйкес, қажет болған жағдайда — тәулік бойы, ауа райына немесе техникалық қиындықтарға қарамастан жүргізілуі қажет. Жұмыстардың мерзімі мен сапасына күн сайын мониторинг жүргізілетін болады. Қажет болған жағдайда қайта өңдеу мүмкіндігін де қарастыру қажет», — деді Айдарбек Сапаров.
Кестеден кешігу байқалатын өңірлер қатарына Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстары жатады.
Әсіресе шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылды, өйткені бұл жерлерде зиянкестердің көшуінің алдын алу үшін бақылауды күшейту қажет.
Жиында сондай-ақ бірнеше өңірдің әкімдерінің орынбасарларының баяндамалары тыңдалып, кейінге қалудың негізгі себептері анықталып, анықталған кемшіліктерді жою бойынша жедел шаралар кешені әзірленді.