Семей қаласында заңсыз темекілерді ірі көлемде заңсыз айналымға түсірген трансұлттық топтың 3 мүшесіне қатысты айыптау үкімі шығарылды.
Тергеу барысында 8 адам, оның ішінде 3 шетел азаматын қамтыған қылмыстық топтың Қырғызстаннан жалған құжаттар арқылы 9,3 млн қорап контрафактілік темекіні заңсыз кіргізгені анықталды.
Темекі өнімдері Алматы, Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарының аумағында сатылған. Сонымен қатар, қылмыскерлер контрафактілік тауардың бір бөлігін Ресейге шығармақ болған.
Барлық заңсыз өнім айналымнан алынып, төленбеген акциз сомасы 2,6 млрд теңгені құрады.
Мүлікті тәркілеу мақсатында 9 автокөлік пен жеке тұрғын үйге тыйым салынды.
Сонымен қатар, тергеу барысында сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті алдын ала тәркілеу туралы өтініштерді қанағаттандырды: 157 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша және құны 840 мың теңге тұратын «777» VIP автонөмір тәркіленді.
Сот үкімімен Д.Бекешев, Д.Сатыбалдиев, Д.Султанов ҚР ҚК 264-бабының 2-бөлігі (трансұлттық ұйымдасқан топқа қатысу), 214-бабының 2-бөлігі 1) және 3) тармақтары (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді және 166 млн теңге тұратын барлық тәркіленген мүлікті мемлекет меншігіне алынды.
Қалған 5 қатысушыға халықаралық іздеу жарияланған. Олардың бірі Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, оны экстрадициялау туралы өтініш тиісті органдарға жолданды.
Егер Сізге экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы "АФМ Insider" телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.
Анонимділікке кепілдік беріледі.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі