Астана мен Шымкентте заңсыз өндірілген алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар сатылған

Астана мен Шымкентте заңсыз өндірілген алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар сатылған

Ақмола облысының, Астана және Шымкент қалаларының аумағында бір топ тұлға аса ірі көлемдегі бағалы металдардың заңсыз айналымымен айналысқан. (Бейнебаян)

Олардың қызметін аймақтық прокуратураның үйлестірумен ҚМА Ақмола облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері әшкереледі.         Алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, өткізу мен одан есепке алынбаған зергерлік бұйымдарды жасау және оларды сату бойынша барлық схема анықталған.

2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бес күдікті Бестөбе кентінде «қара іздеушілер» заңсыз өндірген және қайта өңдеген алтынды сатып алумен айналысқан.

Кейіннен алтын құймалары жолға қойылған арналар арқылы жеткізіліп, жерасты цехтарында белгілі сауда маркаларының есепке алынбаған зергерлік бұйымдары дайындалып, Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған.

Тінту барысында 35 млн теңгеден астам сомаға 99,5% алтын бар 1 килограмнан астам алтын құйма және сатуға дайындалған 335 зергерлік бұйымдар тәркіленді.

2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қазанға дейін күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асты.

Іс бойынша 5 адам күдікті деп танылып, оның 3 қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.

 ҚР ҚМА Баспасөз қызметі