Павлодар облысында ресейлік бидайды жалған құжаттармен заңсыз әкетудің сұр схемасы анықталды

Павлодар облысында ресейлік бидайды жалған құжаттармен заңсыз әкетудің сұр схемасы анықталды

Ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша Департаменті анықтады.

Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге ​​жатпайды.

Адал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі