Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті жалған қаржылық құжаттарды жасап, өз атына заңсыз аванс беру арқылы «Кселл» АҚ қаражатын аса ірі көлемде жымқырған «Kcell Solutions» ЖШС-нің бұрынғы қаржы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Тергеу барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры 2018 жылдың ақпанынан 2021 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта 5 компанияның есеп шотына ақша аудару арқылы қаражат ұрлаған, сондай-ақ өзіне жалпы сомасы 467 миллионнан астам теңгені құрайтын аванс бергені анықталды.
Осылайша, ол «Кселл» АҚ-на аса ірі көлемде зиян келтіріп, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында компанияның бұрынғы қаржы директоры ұрланған ақшаны Алматыдағы букмекерлік кеңселерде бәс тігіп, жұмсағаны анықталды.
Сот үкімімен азамат М.Шөкей Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Сондай-ақ, ол 10 жыл мерзімге қаржылық жауапкершілікпен байланысты қызметтерді атқару құқығынан айырылды.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі