Салықтар - бұл мемлекеттік бюджетке төленетін міндетті төлем, оның есебінен мемлекеттік аппарат жұмыс істейді, сондай-ақ халықты қолдауға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар іске асырылады.
Алайда, салық жарналарын төлеуден жалтарып жүрген жосықсыз кәсіпкерлер де бар.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті азамат А.Сазоновтың бюджетке салық төлемеу дерегін анықтады.
А.Сазонов «Nuclear Engineering» ЖШС басшысы бола тұра, 2017-2019 жылдар аралығында салық декларацияларына кірістер мен шығыстар туралы көрінеу бұрмаланған деректерді енгізген.
Сонымен бірге, ол салық салудың басқа объектілерін жасырып, қайта тіркеуі сот жарамсыз деп таныған 11 компаниямен өзара есеп айырысу туралы жалған шот-фактураларды пайдаланды.
Нәтижесінде мемлекетке 657 миллион теңгеден астам мөлшерде төленбеген салықтар түрінде залал келтірілді.
А.Сазонов сотталды, сондай-ақ, одан залал сомасы өндірілді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі