Шымкентте жалған еуроның ірі өткізушісі сотталды

Шымкентте жалған еуроның ірі өткізушісі сотталды

Жалған ақша жасаумен байланысты қылмыстарды ашу және тергеу ең күрделі қылмастарға жатады.

Себебі, жалған банкноттардың негізгі бөлігі олар айналымға енгізілген кезде ғана анықталады. Әдетте, жалған купюралар анықталатын орындар банктер және сауда нүктелері болып табылады.

Бұл ретте, жалған купюраларды дайындау үшін де, өткізу үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті жалған еуроның ірі өткізушісін ұстады.

Осылайша, азамат Б.Қорғанбаев Өзбекстан Республикасында бұрын құнының 50%-ына сатып алынған жалған еуроның алаяқтық схемасын ұйымдастырып, түрлі тәсілдермен сата бастаған.

Аумақтық департаменттің қызметкерлері Шымкент қаласындағы банктердің бірінің қызметкерлеріне 4000 еуро сату дерегін анықтады. Тергеу әрекеттері барысында Б.Қорғанбаевтың осы ақшаны өткізуге қатысты екендігі дәлелденді.

Сондай-ақ, азамат Б.Қорғанбаев бұрын алаяқтық әрекеттері үшін сотталған болатын.

Сонымен қатар, таныстардан қарызға алынған теңгедегі қаражат үшін ол жалған еуро төлеп отырған.

Б.Қорғанбаев жалпы құны 500 еуро болатын 10 мың жалған еуроны заңсыз сатқан, олар айналымнан толық көлемде тәркіленіп алынды.

Жалған ақшаны заңсыз пайдаланғаны және сатқаны үшін ол 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі

Facebook | Instagram | Telegram