Ағымдағы жылғы 16 шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігінің алқа отырысы өтті, оның шеңберінде 2021 жылдың бірінші жарты жылдығындағы қызмет нәтижелері ұсынылды.
Алқа отырысының күн тәртібінде Қазақстанның ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкестігіне Өзара бағалауға дайындық барысы жөнінде, сондай-ақ көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Жыл басынан бері ҚМА Дүниежүзілік банктің әдістемесі мен ФАТФ нұсқаулығы негізінде қылмыстық кірістерді жылыстату тәуекелдеріне бағалау жүргізді.
Қаржылық барлау бөлігінде ел экономикасына қауіп төндіретін қаржылық және қаржылық емес секторлардағы тәуекелдер талқыланды.
Сонымен бірге ішкі ведомстволық өзара әрекеттесуді күшейту, қаржылық барлаудың құқық қорғау бөлімімен ақпарат алмасу арқылы «Follow the money» қағидасын енгізу мәселесі қарастырылды. Бұл қағида қаржылық қылмыстарды ерте кезеңде тоқтата отырып, сонымен бірге олардың негізгі себептерін анықтауға және қылмыскерлерді қылмыстық кірістерді басқарудан айыруға мүмкіндік береді.
Бұл ретте Агенттік заңды кәсіпкерлік қызметке немесе бизнесмендердің жеке өміріне араласуды болдырмауды мақсат етті.
Сондай-ақ, Агенттік жекелеген өңірлердің көкейтесті мәселелерін шешуге айтарлықтай күш-жігер жұмсап келеді.
«Мемлекет басшысы Агенттік алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Қазір мемлекеттен экономикалық өсімді қолдауға миллиардтаған қаражат бөлінуде. Бұл қаражатты жымқыруға жол бермеу біз үшін басымдыққа ие. Әрбір теңге мақсатына сай жұмсалуы тиіс», - деп Агенттік төрағасы Жанат Элиманов атап өтті.
Азық-түлік, мұнай өнімдері бағасының, коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсу фактілерін анықтауға, сондай-ақ елдегі жолдарды салу мен жөндеуге бөлінетін қаражаттың жұмсалуына ерекше назар аударылуы тиіс.
Жанат Элиманов мемлекеттік шығыстарды мұқият қадағалап, олардың негізсіз жұмсалуына жол бермеу керектігін атап өтті.
Алқа қорытындысында ҚМА Төрағасы жеке құрам қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылыққа жол бермейтіндігіне назар аударып, әріптестерін түпкілікті нәтижеге ұмтылуға шақырды.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі