Қаржылық мониторинг агенттігіне Терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізбесін қалыптастыру тәртібін түсіндіру өтініші жиі келіп түседі.
Бұл Тізбеге қандай негіздер бойынша енгізеді?
Жеке тұлғаны Тізбеге қосу негіздерінің бірі – оның террористік немесе экстремистік қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы заңды күшіне енген сот үкімі.
Террористтік қылмыстарға жататын баптар Қылмыстық кодекстің 3-бабының 30-тармақшасында жазылған.
Экстремисттік қылмыстар – ҚР ҚК-тің 3-бабының 39-тармақшасында.
Осылайша, Қаржылық мониторинг агенттігі өздігінен жеке және заңды тұлғалардың Тізбеге енгізілуіне бастамашылық жасамайды.
Тізбеге енгізілу неге әкеп соқтырады?
Тізбеге енгізілген тұлғаларға ақшаға және мүлікке иелік ету түріндегі белгілі бір шектеулер қолданылады.
Тізбеге енгізілген тұлғалар, ең алдымен, банк шоттарын бұғаттауға тап болады.
Бұл процедура осы Тізбеге енгізілген сәттен бастап 24 сағат ішінде іске асады және тікелей Екінші деңгейлі банктермен жүргізіледі.
Егер тыныс-тіршілікке қажетті барлық қаражат банк шотында болса, қандай да бір ережеден тыс жағдайлар бар ма?
Иә, Қазақстан Республикасының заңнамасы тыныс-тіршілікті қамтамасыз етумен байланысты ақша операцияларын жүргізуге мүмкіндік береді.
Тізбеге енгізілген жеке тұлғаның өзінің және дербес табыс көздері жоқ оның отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында оған қаражат төлеу қағидалары бар, соған сәйкес жеке тұлға қаржы мониторингі субъектісіне ақшамен немесе өзге мүлікпен келесі операцияларды жүзеге асыру үшін жүгінуге құқылы:
- жалақының ең аз мөлшерінен аспайтын мөлшердегі жалақы (әрбір отбасы мүшесіне есептегенде), зейнетақы, шәкіртақы, еңбек демалысының, қызметтік іс-сапарларға шығындардың, жәрдемақының төлемі, сондай-ақ, өзге де әлеуметтік төлемдер түрінде алынған;
- Тізбеге енгізілгенге дейін алынған несиелерді өтеу, салық төлеу, бюджетке коммуналдық, әлеуметтік және басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды өтеу, сақтандыру (медициналық, жазатайым оқиға, автокөлік және туризм).
Жалақыны алу үшін не істеу қажет?
Жалақы, еңбек демалысын өтеу бойынша операцияларды жүзеге асыру үшін банкке өтінішпен және келесі құжаттарды қоса берумен жүгіну қажет:
- жалақының мөлшері туралы жұмыс орнынан берілетін анықтама, демалысақы төлемін растайтын анықтама.
Отбасы мүшелеріне ақша қаражатын төлеу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:
- отбасы мүшесінің жеке басын куәландыратын құжат, сондай-ақ туыстығын сәйкестендіру үшін туу туралы куәлігі (кәмелетке толмағандарға); неке туралы куәліктің түпнұсқасы немесе зайыбына (жұбайына) азаматтық хал актілерін тіркеу туралы анықтама; отбасының әрбір жұмысқа жарамды кәмелетке толған мүшесіне жұмыссыздық туралы анықтама.
Тізбеге енгізілгенге дейін алынған несиелерді өтеу, салық төлеу, бюджетке коммуналдық, әлеуметтік және басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды өтеу, сақтандырумен байланысты операцияларды ішкі бақылау ережелерін есепке ала отырып, банктің өзі жүзеге асырады.
Егер Банк қаражат беруден бас тартса?
Заңды құқықтардың бұзылуы жағдайында, Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады.
Тізбеден қалай шығуға болады?
Тізбеден алып тастау үшін:
1) Террористік немесе экстремизмді қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы сот шешімінің күшін жою;
2) Тізбеге енгізілген жеке тұлғаның қайтыс болғандығы туралы құжатпен расталған деректердің болуы;
3) Экстремистік немесе террористік қылмыстар жасағаны үшін сотталған жеке тұлғаның сотталғандығының жойылғаны немесе алынғаны туралы құжатпен расталған деректердің болуы;
4) ҚР Бас прокуратурасы жасайтын жеке тұлғалар тізімінің негізінде Тізбеден қылмыстық жазасын өтеген тұлғаны алып тастау туралы ҚР құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының оң қорытындысы негіз болып табылады.
4-тармақ бойынша Тізбеден тұлғаны алып тастау үшін қылмыстық тергеуді жүргізген құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органға (Бас прокуратура, ҰҚК, ІІМ) өтінішпен жүгіну қажет. Тұлғалардың бұл санатына сотталу мерзімін өтеуге дейін негізгі және қосымша қылмыстық жазаны (бар болған жағдайда) өтеп шыққан тұлғалар кіреді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі