«Asar Baspana» қаржы пирамидасының ісі бойынша 17 адам сотталды  

«Asar Baspana» қаржы пирамидасының ісі бойынша  17 адам сотталды   

Алматыда «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты.

Тергеу барысында Туғанбаев Н.М. бастаған топтың ай сайын 30 пайызға дейін табыс түсетінін айтып, 90 мыңға жуық азаматтан жалпы сомасы 25 млрд теңге жинағаны анықталды.

Сотталғандар салымшыларды алдап, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанын, тігін цехы, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт бар екенін айтқан. Іс жүзінде өнімдер басқа жеткізушілерден сатып алынып, оларға «Asar Baspana» таңбасы жапсырылған.

Азаматтардың қаржы пирамидасына деген сенімі төмендей бастаған кезде ұйымдастырушылар автодүкендер іске қосылғаны және дилерлермен әріптестік орнатылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Ал шын мәнінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген.

Сот үкімімен Туғанбаев Н.М. 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Өңірлердегі он үш басшыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды.

Сонымен қатар, тыйым салынған жалпы құны 5,6 млрд теңгенің активтері жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге жұмсалады. Қалған мүлік мемлекет кірісіне өткізіледі.

 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

ҚМА баспасөз қызметі