
Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астықтың сұр импортына қатысты схеманың жолын кесті. Тергеу дерегінше, импортталған астық кейін Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған.
Тергеу мәліметтері бойынша, Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Жеткізілімдер Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жүзеге асырылған.
Схеманы іске асыру үшін алдын ала жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар рәсімделген. Осылайша астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
Атап айтқанда, астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған.
Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден аса көлемінде залал келтірілген.
Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыздар берген.
Аталған әрекеттер мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі