2,5 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған: іздеуде жүрген күдікті Кореядан Қазақстанға қайтарылды

2,5 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырған: іздеуде жүрген күдікті Кореядан Қазақстанға қайтарылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Интерпол қолдауымен бұған дейін халықаралық іздеу жарияланған Ұлан Мұхтарұлы Байболовты Корея Республикасынан Қазақстанға қайтарды

Тергеу деректеріне сәйкес, Ұ.М. Байболов салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жүйелі түрде төлеуден жалтарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған.

Қылмыстық әрекет мынадай жолмен жүзеге асырылған: кәсіпорындар сатып алынып, жалған басшылардың атына қайта тіркелген, олардың банк шоттары арқылы қаржы операциялары жүргізілген, салық есептілігіне көрінеу бұрмаланған мәліметтер енгізіліп, кейін қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Осы тәсілде пайдаланылған кәсіпорындардың бірі «Сфера» ЖШС. 2014 жылы Ұ.М. Байболов  аталған серіктестік директорының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Нәтижесінде топ мүшелері серіктестіктің есеп айырысу шоттарынан 2,5 млрд теңгеден астам қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.

Бұдан бөлек, қосымша есептелген салық көлемі 1 млрд теңгеден асқан.

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі екені заңды күшіне енген сот үкімімен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі