112 млрд теңге дропперлер арқылы өткізілген: «оңай табыс» жүздеген қазақстандықты қылмыстық жауапкершілікке алып келді

112 млрд теңге дропперлер арқылы өткізілген:  «оңай табыс» жүздеген қазақстандықты қылмыстық жауапкершілікке алып келді

Қаржылық мониторинг агенттігі дропперлікпен күресті елдің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Жыл басынан бері Агенттік қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты. Қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден астам азаматтың тартылғаны белгілі болды.

Дропперлердің банктік шоттары арқылы жалпы сомасы 112 млрд теңгеден астам заңсыз қаржылық операциялар жүргізілген. Тек соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталды.

Мәселен, ҚМА Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін азаматтардың банктік шоттарын пайдаланған халықаралық «дроповодтар» желісінің қызметін тоқтатты. Тергеу амалдарына сай, бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 млн теңге өткізілген. Кейін ұйымдасқан топ мүшелері шот иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, банктік шоттарға қолжетімділікті қалпына келтіруге мәжбүрлеген.

Осыған ұқсас схема Жетісу облысында да анықталды. Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың нұсқауымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өзінің банктік шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін қаражатты криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылардың шоттарына аударып, әр операциядан комиссия алып отырған.

Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор арқылы басқарылған. Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарды сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге көндірген. Соның салдарынан 20-дан астам жас тергеуге тартылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: дропперлік схемаларға қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Елдің қаржылық қауіпсіздігі әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады.

 

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі