ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша екі жекеменшік клиниканың басшылығына қатысты тергеп-тексеру жүргізуде.
Тергеу амалдарына сай, «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозы бойынша медициналық қызметтерді кодтау кезінде әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның – «кіші жамбас ағзалары мен жатыр артериялары тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы» қызмет кодын көрсеткен.
Нәтижесінде 200-ден астам ер адамға негізсіз қымбат медициналық қызметтер рәсімделіп, емдеу құны 10 есеге дейін ұлғайтылған.
Сонымен қатар 19 жағдайда пациенттер аталған клиникаларға жүгінгенін мүлде растаған жоқ.
Мемлекетке келтірілген залал сомасы 221 млн теңгеден асты.
Тергеп-тексеру жалғасуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
ҚР ҚМА Баспасөз қызметі