Түркістан облысында снюс өндіретін жасырын цехтар жойылды

Түркістан облысында снюс өндіретін жасырын цехтар жойылды

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін темекі өнімдерін (снюс) заңсыз дайындап, таратумен айналысқан топтың қызметін тоқтатты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес және Ордабасы аудандары аумағында орналасқан 3 жасырын цехтың жұмысы әшкереленіп, толықтай жойылды.

Заңсыз өндіріс жалпы ауданы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылып, күн сайын шамамен 20 адам жұмысқа тартылған.

Тыйым салынған өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жүйелі түрде таратылып отырған.

Заңсыз айналымнан 1 млн-нан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 млн қаптама пакеті, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ өндірістік арнайы жабдықтар тәркіленді.

Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн дана бір реттік снюс мөлшерін өндіруге жеткілікті болған.

Сот санкциясымен заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: снюс құрамында никотин мен улы химиялық заттар бар, ол тез тәуелділікке әкеледі, ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, жүрек-қантамыр аурулары мен улану қаупін айтарлықтай арттырады.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі