«Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-да 168 миллион теңге жымқыру схемасы әшкереленді

«Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-да 168 миллион теңге жымқыру схемасы әшкереленді

ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-ның  қаржысын жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.

Аталған акционерлік қоғам өңірге табиғи газ жеткізумен айналысады.

Тергеу материалдарына сай компания қызметкерлері есептегіш құрылғылардың көрсеткіштерін тіркеп, тұтынушылардан қолма-қол ақша жинаумен айналысқан. Жиналған қаражатты олар материалдық жауапты тұлғаларға тапсырған.

Алайда аталған жауапты тұлғалар жиналған қаражатты заңды түрде өткізудің орнына өз пайдаларына жаратып, төлем туралы ақпаратты «SymphonyGAS» жүйесінде жасырып келген.

Осылайша, компанияның директоры, оның орынбасары, аға оператор және аға бақылаушыдан тұратын тұлғалар тобы екі жыл ішінде тұтынушылар төлеген 168 миллион теңгені иемденген.

Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 165 миллион теңге болатын мүлкіне (тұрғын үй, пәтер және автокөлік) тыйым салынды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

 

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі