Алматыда TikTok арқылы құмар ойындарын ұйымдастырғандар сотталды

Алматыда TikTok арқылы құмар ойындарын ұйымдастырғандар сотталды

Алматы қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті TikTok әлеуметтік желісі арқылы онлайн-құмар ойындарды ұйымдастырған екі тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін аяқтады.

Тергеу барысында күдіктілердің тұрақты түрде тікелей эфир өткізіп, құмар ойынындар ұйымдастырғаны анықталды.

Қатысушылар ойынға қатысу үшін ақша қаражатын банктік қосымшалар арқылы ұйымдастырушылардың шоттарына аударып отырған. Жиналған заңсыз табыс көлемі 10,5 миллион теңгені құрады.

Сот үкімімен екеуі де заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Біріне 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, екіншісі 2 жыл 6 айға бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды.

Айта кету керек, TikTok-тағы бұл ойындардың негізгі аудиториясын жастар құраған.

Бұл – интернет кеңістігінде белсенді жастардың құмар ойындарына тартылу қаупін арттырып, зиянды әдеттерге, тәуелділікке және қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін қауіпті әлеуметтік үрдіс.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі