Қаржылық қауіпсіздік олимпиадасының финалы: жастар Заң мен Тәртіпті таңдайды

Қаржылық қауіпсіздік олимпиадасының финалы: жастар Заң мен Тәртіпті таңдайды

Қаржылық мониторингі агенттігі «Заң және Тәртіп» нарративі аясында Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиаданың финалын өткізді.

Финалдық кезеңді ашқан Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Ұ.Е. Раисов қаржылық қауіпсіздік тек алаяқтықтан қорғау ғана емес, сонымен қатар тұрақты, әділетті және заңға бағынатын экономиканың ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Олимпиада жастардың адалдықты, ашықтықты және прогресті таңдаған жауапты шешімінің символына айналды.

Олимпиадаға барлығы 3 мыңнан астам студент тіркелді. Іріктеу кезеңінің нәтижесінде финалға ең үздік 40 студент өтті.

Финалда қатысушылар тестілеуден өтіп, кейстік тапсырмаларды шешті. Осы сынақтардың нәтижесінде Қазақстанды Ресей Федерациясында өтетін Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі Халықаралық олимпиадада таныстыратын 10 жеңімпаз анықталды.

Бағыттар бойынша жеңімпаздар:

Ақпараттық қауіпсіздік:

Ислам Абдулахадов – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті;

Халил Каландаров – А.Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университеті (ҚарТУ);

Батырхан Нариманов – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті.

Экономика:

Альбина Бухарбаева – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;

Данияр Жұмаш – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті;

Вадим Тотьмянин – Тұран-Алматы университеті.

Құқықтану:

Алишер Ким – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті;

Қуанышбек Аманбаев – Maqsut Narikbayev University.

Халықаралық қатынастар:

Мақсат Тілектес – Maqsut Narikbayev University;

Жасмина Закария – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті.

Олимпиада Maqsut Narikbayev University, AML Academy Қаржы мониторингі академиясы, Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалық кеңсесінің қолдауымен сондай-ақ, Қаржылық қауіпсіздік саласындағы Халықаралық желілік институт өкілдерінің қатысуымен өткізілді.

Қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада жай ғана байқау емес, құқықтық мәдениетті нығайтатын, қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған және болашақтың тұрақты экономикасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды білім беру жобасына айналып келеді.