Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Білім басқармасымен бірге өскелең ұрпақ арасында қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған «Қаржы сақшысы» зияткерлік ойынының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді. Аталған ойын 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттерін біріктіріп, жастардың құқықтық және экономикалық мәдениетін қалыптастыруға арналған маңызды алаңға айналды.
Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімдерін, сыни жағдайларда талдау жасау және салмақты, дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті. Ойын қорытындысы бойынша аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде жоғары ұпай жинаған үздік ойыншылар анықталды.
Аталған күні мектеп оқушылары оқу сабақтарында болғандықтан, марапаттау рәсіміне аудандардан білім беру ұйымдарының өкілдері — мектеп директорлары келіп, жүлделерді өз оқушыларының атынан қабылдады. Іс-шара барысында ұйымдастырушылар осындай жобалардың маңыздылығын және олардың қаржылық құқықбұзушылықтардың алдын алудағы үлесін ерекше атап өтті.
«Қаржы сақшысы» ойыны қаржылық сауаттылықты ерте жастан қалыптастыру жауапты әрі заңға бағынатын қоғам құру жолындағы маңызды қадам екенін айқын көрсетті.