«Заң. Тәртіп. Қауіпсіздік» – қаржылық сауаттылық пен қоғамдық тұрақтылық жайлы әңгіме

«Заң. Тәртіп. Қауіпсіздік» – қаржылық сауаттылық пен қоғамдық тұрақтылық жайлы әңгіме

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Заң және тәртіп» қағидасы — қоғамдық, саяси және идеологиялық бағыттаушы күшке айналуы тиіс. Бұл қағидат елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігі.

2025 жылғы 3 шілдеде Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде «Біртұтас қоғам. Келісім және сенім» ЭҚІКД-нің (Экономикалық тергеп-тексеру департаменті) Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аға жедел уәкілі Тимур Бұғымбаевұлы Жармағамбетовтің СҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерімен кездесуі өтті.

Кездесу барысында спикер қазіргі қаржылық қауіпсіздік саласындағы трендтер, алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары мен азаматтардың қаржы сауаттылығы туралы айтып өтті.

«Қаржылық сауаттылықты арттыру және алаяқтық схемалардан сақтандыру – жаңа буынды өз қаржысын тиімді басқаруға және қауіп-қатерлерге қарсы тұруға дайындайды», – деп атап өтті Тимур Бұғымбаевұлы.

Өз кезегінде ҚХА мүшелері бұл тақырыптың өзектілігін атап өтіп, облыстық Ассамблея жанындағы жастар қанатының белсенділерін тарту арқылы осындай маңызды ақпараттарды халыққа жеткізудің жолдарын бірлесіп ұйымдастыруды ұсынды.