
Павлодар қаласында Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған еске алу шаралары өтті. 9 мамыр күні таңертең Жеңіс саябағында «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс» атты митинг-реквием ұйымдастырылып, оған Ұлы Отан соғысында қаза тапқан батырларды еске алу үшін мыңдаған тұрғын қатысты. Аталған шараға Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері де қатысты.
Даңқ обелискісі мен Мәңгілік алау жанында павлодарлықтар батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Тыныштықта метроном үні естіліп, кейін салюттік есептің қару дауыстары жаңғырды. Қала тұрғындары Жеңіс буынының ерлігіне тағзым етіп, гүл шоқтары мен веноктар қойды.
Бүгінде Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының бес ардагері ғана өмір сүруде. Жеңіс күні қарсаңында оларға ерлігі мен жанқиярлығы үшін алғыс айтылып, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілегі білдірілді.
Жеңіс күні — миллиондаған құрбандарды еске алудың, халықтың қайсарлығы мен рухының, бейбітшілік пен бостандықты зор құрбандықпен қорғап қалған ерліктің символы болып қала береді.