
Павлодар облысының 48 жетекші кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдерін біріктірген Жұмыс берушілер форумы Инновациялық Еуразия университетінде өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, жоғары оқу орнының серіктестері, өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға және сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүдделі тараптар қатысты.
Форум аясында еңбек нарығындағы өзекті өзгерістер мен білім беру бағдарламаларын іске асырудың заманауи тәсілдеріне арналған диалог алаңы ұйымдастырылды. Негізгі үрдістер туралы баяндама академиялық мәселелер жөніндегі проректор П.А. Быков тарапынан ұсынылды.
Сонымен қатар, «Жаңа мансап моделі: Z және Alpha буындары табысты қалай қайта түсінеді» тақырыбында семинар өтті. Баяндама барысында жастардың қазіргі мансаптық бағдарлары мен тиімді басқарушылық тәжірибелер қарастырылды.
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері бітіруші курс студенттерін Қаржы мониторингі агенттігіне қызметке қабылдау шарттарымен таныстырды.
Форум академиялық және кәсіби қауымдастықтар арасында ашық диалог, пікір алмасу және бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тиімді алаңға айналды.