
Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру Департаментінің қызметкерлері 2026 жылғы 11 наурызда Павлодар қаласында өткен «Кибералаяқтық және дропперлік. Зардап шеккендерді қорғау және құқықтық сауаттылықты арттыру» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының, прокуратура органдарының, екінші деңгейлі банктердің, ұялы байланыс операторларының өкілдері, сондай-ақ кибералаяқтықтан зардап шеккен азаматтар қатысты. Дөңгелек үстел алаңы интернет-алаяқтықтың заманауи түрлеріне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ашық пікір алмасуға және тиімді шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берген маңызды диалог алаңына айналды.
Талқылау барысында кибералаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен өзекті үрдістері, зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері, сондай-ақ құқық қорғау органдары, қаржы ұйымдары мен байланыс операторлары арасындағы жедел өзара іс-қимыл тетіктері қарастырылды.
Сонымен қатар азаматтарды заңсыз схемаларға «дроппер» ретінде тарту мәселесіне және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына ерекше назар аударылды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар интернет-қылмысқа тиімді қарсы тұру үшін мемлекеттік органдардың, қаржы секторының және қоғамның күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын, сондай-ақ халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Осындай іс-шараларды өткізу мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары және қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, азаматтарды қорғау тетіктерін жетілдіруге және халықтың цифрлық ортадағы алаяқтық схемаларға қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.