
Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаладағы Білім басқармасымен бірлесіп «Qarzhy Sagshysy» республикалық компьютерлік ойынының жеңімпаздарын марапаттау рәсімін өткізді.
Жеңімпаздар қатарында Алматы қаласының сегіз ауданынан 10–11 сынып оқушылары, сондай-ақ қалалық кезеңнің жеңімпаздары мен колледж студенттері бар. Үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен және естелік тартулармен марапатталды.
Естеріңізге сала кетейік, «Qarzhy Sagshysy» компьютерлік ойыны Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан ұйымдастырылып, 2025 жылғы 1–15 желтоқсан аралығында еліміздің барлық өңірлерінде өткізілді. Жоба жастардың қаржылық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қаржылық құқық бұзушылықтарға тартылудың алдын алуға бағытталған.
Алматы қаласында ойынға мектеп оқушылары мен колледждердің 1–2 курс студенттерін қоса алғанда, 44 мыңнан астам білім алушы қатысты. Бұл жастардың қаржылық қауіпсіздік пен саналы мінез-құлық мәселелеріне жоғары қызығушылығын көрсетеді.