Халықаралық зияткерлік меншік күні

Халықаралық зияткерлік меншік күні

26 сәуірде әлемдік қауымдастық Халықаралық зияткерлік меншік күнін атап өтеді – бұл күн 2000 жылы Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) мүше мемлекеттерімен белгіленген. Бұл күн бекер таңдалмаған: 1970 жылғы 26 сәуірде ДЗМҰ Конвенциясы күшіне еніп, бүкіл әлемде зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға жәрдемдесетін ұйымның ресми қызметі басталды.

Бұл күн жыл сайын зияткерлік меншіктің мәдени, ғылыми және экономикалық дамуындағы рөліне қоғам назарын аударуға бірегей мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол қоғамның ілгерілеуіне елеулі үлес қосқан авторлар, өнертапқыштар мен жаңашылдарға алғыс білдірудің көрінісі болып табылады.

2025 жылы ЗМ күні «Зияткерлік меншік және музыка: ЗМ ырғағын сезін» тақырыбымен өтуде.

Атаулы күн қарсаңында Ұлттық зияткерлік меншік институты (Qazpatent) музыка саласындағы зияткерлік меншіктің маңыздылығын айшықтайтын ерекше жобаны ұсынды.

Ведомство қызметкерлері 2025 жылдың тақырыбын қазақ музыка мәдениеті арқылы ашатын шығармашылық жобаны жүзеге асырды. Бұл жоба флешмоб пен бейнероликті қамтиды. Видеоматериалда қазақ күйлерімен сүйемелденген ұлттық билер көрініс тауып, халқымыздың мәдени мұрасының байлығы мен тереңдігін паш етеді.

Бейнероликтің маңызды бөлігі – Qazpatent әнұраны. Музыка мен сөздер, домбырадағы орындау және хореография – барлығы мекеме қызметкерлерінің өз күшімен әзірленген. Бұл олардың шығармашылық белсенділігі мен өз ісіне деген адалдығын айқын көрсетеді.

Аталған жоба 2025 жылғы тақырыпқа деген құрметтің көрінісі ғана емес, сонымен қатар зияткерлік меншіктің жаңа шығармашылық формаларға шабыт беретінін айғақтайтын жарқын мысал болды.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік күнін құқықтық сауаттылықты арттыру мен қоғамда зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін нығайтудың маңызды құралы ретінде атап өтеді.

Зияткерлік меншік саласының мамандарын, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерін, өнертапқыштар мен авторларды Халықаралық зияткерлік меншік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Жаңа идеялар, шығармашылық шабыт және қоғам мен ел игілігі үшін зияткерлік әлеуетті табысты жүзеге асыруға тілектеспіз!

Бейнероликке сілтеме:

https://www.instagram.com/reel/DI5lTpxNvCa/?utm_source=ig_web_copy_link&igsh=MzRlODBiNWFlZA==