Астана қаласының сот сараптамалары институтында Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық-үйлестіру орталығы(ОАӨАҰО) және Сот сараптамалары орталығы өкілдерінің қатысуымен кездесуі өтті.
Шарада есірткі құралдарының, оның ішінде синтетикалық заттар мен жаңа психоактивті заттардың заңсыз айналымына қарсы бірлескен іс-қимылға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Орталық Азия елдерінде жаңа психоактивті заттардың таралуына байланысты туындайтын қауіптерді уақтылы анықтауға және тез әрекет етуге бағытталған алдын ала ескертудің пилоттық өңірлік жүйелерін құру перспективаларын бағалауға ерекше назар аударылды.
Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, ақпарат пен тәжірибе алмасудың, сондай-ақ есірткі қылмыстарына қарсы күрес саласында ғылыми-сараптамалық әлеуетті дамытудың маңыздылығын атап өтті.