Адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының төртінші кезеңдік Ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық мәселесі бойынша отырыс өткізілді

Адам құқықтары жөніндегі Әмбебап кезеңдік шолу шеңберінде Қазақстан Республикасының төртінші кезеңдік Ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық мәселесі бойынша  отырыс өткізілді

Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» Консультативтік-кеңесші органның (ККО АӨДА) алаңында 2025 жылғы қаңтарда Адам құқықтары жөніндегі әмбебап кезеңдік шолу (ӘКШ) шеңберінде Қазақстан Республикасының төртінші кезеңдік Ұлттық баяндамасын қорғауға дайындық мәселесі бойынша кезекті отырыс өткізілді.

Отырыста мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының коалициясы дайындаған адамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары мен білім алу құқығын қамтамасыз ету және қорғау мәселелеріне арналған балама баяндаманы талқылады.

Айта кету керек, соңғы қорғаудың қорытындысы бойынша 2019 жылы Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне қатысушы мемлекеттердің 245 ұсынымын алды, оның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметі жоғарыда аталған салаларда 72 ұсынымды қолдады және іске асыруда.

«Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюро» ҚҰ директорының орынбасары Р. Ақылбекованың үйлестіруімен ҮЕҰ коалициясының сарапшылары З.Батталова мен И. Медникова сөз сөйледі.

ҮЕҰ коалициясы ӘКШ шеңберінде барлығы сегіз балама баяндама дайындады және БҰҰ АҚК енгізді, онда мемлекеттің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасындағы ахуалды жалпы бағалау, сондай-ақ ӘКШ шеңберінде Қазақстан Республикасына берілген ұсынымдардың орындалуын бағалау қамтылады.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде Ұлттық баяндаманы қорғау қарсаңында осы сегіз баяндаманың барлығы Әділет министрлігінің үйлестіруімен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, ККО АӨДА, Әділет және Мәдениет министрліктерінің алаңдарында сәтті қаралғанын атап өту маңызды.

Өткізілген отырыстың қорытындысы бойынша қатысушылар адамның әмбебап құқықтарын қорғауды нығайту ісінде одан әрі жемісті ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.