Астанада «Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты дамудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Астанада «Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрақты дамудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

2024 жылғы 29 қарашада «Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді 16 күн» халықаралық акциясы аясында әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ «Әйелдер» ұйымының техникалық қолдауымен ұйымдастырды.

Аталған шараға қатысқан Әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова өз сөзінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау адам құқықтары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі құрамдас бөлігі екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан зорлық-зомбылықтың барлық түрлерін жоюға және халықтың осал топтары үшін қауіпсіз орта құруға айтарлықтай күш салуда. Қабылданған заңнамалық реформалар мен мемлекеттік шаралар теңдікті нығайтуға, құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталғанын айтты.

Солардың ішіндегі негізгі жетістіктердің қатарында:
- тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық деп санайтын және қорлаудың алдын алу шараларын күшейтетін «Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның қабылдануы;
- әйелдер үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және іске асыру;
- ішкі істер органдарында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін мамандандырылған бөлімшелер құру.

Дөңгелек үстелге қатысушылар құқықтық қамтамасыз ету тетіктерін, мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылын талқылап, қауіпсіздік пен теңдікті қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдарды белгіледі.

«Әділет министрлігі әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аудара отырып, адам құқықтары саласындағы бастамаларды үйлестіруді жалғастыруда. Біздің күш-жігеріміз құқықтық мәдениетті нығайтуға және зорлық-зомбылықтан азат қоғам құруға бағытталған», - деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Аталған шара зорлық-зомбылыққа қарсы күресте мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктірудің маңызды алаңына айналды.